❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи

УНИВЕРСИТЕТІМІЗГЕ ICESCO ҰЙЫМЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ КЕЛДІ

  • 21.09.2025
  • KZ
  • 323

image

Оқу ордамызға Ислам әлемінің білім, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымының (ICESCO) Бас директоры Салим бин Мұхаммед әл-Малик Түркістандағы ресми іс-сапары барысында арнайы келді. 

Қадірлі қонақты Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы бастап келді.

Айта кетейік, бұл Бас директордың Қазақстанға алғашқы ресми сапары. Бұл сапар – өңіріміздің рухани және мәдени әлеуетін танытуға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, Түркістан облысының әлемдік деңгейдегі беделін арттыруды көздейді.

Салим бин Мұхаммед әл-Малик бастаған делегация оқытушы-профессорлар құрамымен, «Ясауитану» ҒЗИ қызметкерлерімен, Теология, Өнер, медиа және дизайн факультеттерінің студенттерімен кездесті.

Қонақтар қатарында ICESCO серіктестік және халықаралық ынтымақтастық секторының жетекшісі, Әзірбайжан Республикасының бұрынғы Мәдениет министрі, тәжірибелі дипломат Анар Керимов, ICESCO Баку аймақтық офисінің өкілдері Абдулахким Фахад Алсенан, Алакбир Хидиров, Мариям Гафа-Зада мен Халықаралық Түркі мәдениеті мен мұрасы қорының Президенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақтоты Райымқұлова бар.

Жиында сөз бастаған ректор Жанар Темірбекова: «Бүгін қаламызға өте маңызды қонақ келіп отыр. Салим бин Мұхаммед әл-Малик – халықаралық деңгейдегі беделді тұлға. Ол білім мен ғылым арқылы өркениеттерді жақындастыруға бағытталған бастамалардың көшбасшысы ретінде белгілі. Оны оқу ордамыздың төрінде қарсы алғанымызға қуаныштымыз!»,-деді.

Келесі кезекте, Салим бин Мұхаммед әл-Малик: «Қазақстанға, әсіресе Түркістанға келгеніме, студент қауыммен басқосқанымызға да қуаныштымын! 

Құрметті студенттер, ең алдымен жастық шақты бағалай біліңіздер. Бұл кезеңді білім мен ғылым жолына арнаған дұрыс. Мысалы, ICESCO ұйымының 46%-дан астам қызметкері жас ғалымдардан тұрады. 

Жас ғалымдар қашанда жаңалықтар ашуға ұмтылатын, ерік-жігерлі болады.

Екіншіден, ата-аналарыңыз бен ұстаздарыңызды сыйлауға, құрмет көрсетуге шақырамын. Тек оларға ғана емес, қоршаған ортаға құрметпен қарау – бар жақсыға жолашатын қасиет екенін ұмытпаңыздар»,-деді.

Сонымен қатар, өзінің алға қойған мақсаттарына жету жолындағы талабы мен еңбек жолын айтты. Студенттерге өзісінің үздік маманы болуы үшін еңбек ету мен армандай білудің маңызын жеткізді. Шет мемлекеттерде оқып, білімалуды армандайтын жастарды өз елін, түп-тамырын ұмытпай, қызмет етуге шақырды.

Басқосуда қатысушылар өздерін қызықтырған сауалдарын қойып, тың жауаптар алды. Әсіресе, ICESCO ұйымының студенттердің жобаларын қолдауға, Араб тілін оқытатын оқытушылар жіберу мен студенттердің тәжірибен өту мәселесін қарастырды. 

Алдағы уақытта, оқу ордамыздың білімді жастары ICESCO ұйымында немесе Араб мемлекеттерінде тәжірибеден өтуіне жағдай жасауға тырысатынын айтты. 

Ресми кездесуден соң, оқу ордамыздың студенттері өнер көрсетті. Дәстүрлі музыка өнері мамандығының 1-курс студенті Шахмардан Бекарысұлы қадірлі қонаққа арнауын жеткізді. Сондай-ақ, өнерпаз жастарымыз күй шертіп, ән шырқады.

ICESCO Бас директоры Салим бин Мұхаммед әл-Малик құрмет-қошеметпен қарсы алған университет ұжымы мен студенттеріне алғысын білдірді.