УНИВЕРСИТЕТІМІЗ КЕЗЕКТІ РЕТ QS WORLD UNIVERSITY RANKINGS МАРАПАТЫНА ИЕ БОЛДЫ

Салтанатты іс-шара С. Д. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінде ұйымдастырылды. Шараға ректорлар кеңесінің өкілдері, ғылым және жоғары білім министрі, денсаулық сақтау министрі, сондай-ақ Алматы қаласының әкімі қатысты. Құрметті қонақ ретінде QS Бас коммерциялық директоры Джейсон Ньюман келді.
Аталған шараға оқу орнымыздың ректоры Жанар Темірбекова мен Стратегиялық даму және ғылым вице-ректоры Айнаш Ошибаева да арнайы барып, QS World University Rankings 2026 сертификаттарын табыстау рәсіміне қатысты.
Оқу орнымыз кезекті рет әлемдік қауымдастық тарапынан мойындалып, 2025 жылғы әлемнің ең үздік университеттері қатарында 761–770 орынға тұрақтады. Бұл былтырғы нәтижемен (801–850) салыстырғанда едәуір жоғары көрсеткіш. Бұл жетістік университеттің тұрақты дамуын және халықаралық аренадағы беделін айқындайды.
Университетіміздің ректоры Жанар Амангелдіқызы Темірбекова:
«Бұл жетістік – профессор-оқытушылар құрамының, студенттердің және халықаралық әріптестеріміздің бірлескен еңбегінің нәтижесі. Біз үшін әлемдік рейтингтердегі орынды нығайту ғана емес, сонымен қатар университеттің бірегей Миссиясын сақтау да маңызды. Яғни, Хожа Ахмет Ясауи іліміне негізделген академиялық қағидаттарға сәйкес түркі әлемі үшін озық, білікті әрі жаңашыл мамандарды даярлайтын университет болу», - деді.