❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи

«ЗАҢ МЕН ТӘРТІП ҚАҒИДАТЫ: ҚОҒАМНЫҢ ТҰРАҚТЫЛЫҒЫ МЕН ЖАСТАР ЖАУАПКЕРШІЛІГІ» ТАҚЫРЫБЫНДА КЕЗДЕСУ ӨТТІ

  • 18.11.2025
  • KZ
  • 79

image

Бүгін университетімізде «Заң мен Тәртіп» концепциясы аясында «Заң мен тәртіп қағидаты: қоғамның тұрақтылығы мен жастар жауапкершілігі» тақырыбында кездесу өтті.


Кездесудің мақсаты – құқықтық мәдениетті арттыру, азаматтардың құқықтық сауаттылығын дамыту, құқықтық мәселелер бойынша қоғамның белсенділігін көтеру және заңды әрі әділетті қоғам қалыптастыруға бағытталған білім беру. Сонымен қатар, шара қатысушыларды құқықтық нормалар мен құқық қорғау тетіктері туралы хабардар етіп, заңға сай әрекет етудің маңызын түсіндіруді көздеді.


Аталған жиынға университет ректоры Жанар Темірбекова, әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов, оқытушы-профессорлар құрамы, студенттер, сондай-ақ Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисов пен Түркістан қаласының прокуроры Каукен Нәрікбаев қатысты.


Алғашқы сөз кезегі Түркістан облысы прокурорының орынбасары Дәулет Тлемисовке беріліп, ол өз сөзінде: «Заңды білу – тек міндет емес, ол сіздердің өздеріңізді қорғаудың ең тиімді құралы. Жастардың құқықтық жауапкершілігі артқан сайын мемлекеттегі тәртіп те нығая түседі. Сондықтан әр іс-әрекетте заң талаптарын сақтай алуды үйреніңіздер», – деді.  Сондай-ақ студенттердің сұрақтарына жауап беріп, өз тәжірибесін бөлісті.


Сонымен қатар, кездесу барысында Түркістан қалалық прокуроры Каукен Нәрікбаев сөз сөйлеп, қоғамның тұрақтылығы мен жастардың жауапкершілігіне тоқталды. Ол дропперлер туралы нақты түсінік берді: «Дропперлер – интернет арқылы заңсыз тауар немесе қызмет жеткізумен айналысатын адамдар. Олардың әрекеті құқыққа қайшы және жастардың болашағына қауіп төндіреді. Сондықтан сіздерді заңды құрметтеп, өз құқықтарыңызды сақтай отыра, жауапкершілікпен әрекет етуге шақырамын», – деді.


Бұл кездесу жастардың құқықтық мәдениетін арттыруға, олардың қоғам алдындағы жауапкершілігін терең түсінуге ықпал етті. Мамандармен тікелей пікір алмасу студенттердің құқықтық сауаттылығын кеңейтіп, азаматтық ұстанымын нығайта түсті.