❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи

ШЕТЕЛДІК СТУДЕНТТЕР ҚР КӨШІ-ҚОН ЗАҢНАМАСЫМЕН ТАНЫСТЫ

  • 02.12.2025
  • KZ
  • 149

image

Бүгін университетімізде «Заң мен тәртіп» концепциясы аясында шетелдік студенттерге Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасы кеңінен таныстырылды.

 

Осы тақырып бойынша Түркістан облысы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының басшысы, полиция подполковнигі Аида Смағұл шетелдік студенттерге маңызды ақпарат берді.

 

Іс-шараға Әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі вице-ректор Еділ Төлегенов пен Қаржы және халықаралық байланыстар жөніндегі вице-ректор Мустафа Гиритлиоглу қатысты.

 

Жиын барысында сөз алған Қаржы және халықаралық байланыстар вице-ректоры Мустафа Гиритлиоглу: «Түркістан облысы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Аида Смағұлмен бас қосып отырмыз. Былтыр да көші-қон мәселелеріне байланысты жиналыс өткізген болатынбыз. Өткен аптада да Полиция департаментінің өкілдерімен кездесу ұйымдастырылған еді. Студенттерімізді қажетті ақпаратпен қамтамасыз ету – маңызды міндеттердің бірі. Бүгін арнайы келіп, көші-қон жөнінде маңызды ақпарат ұсынғаны үшін Аида Смағұлға алғыс білдіреміз. Бірі – студент, бірі – оқытушы болып білім алып, бөлісіп жатқандықтан, бәріміз де осы елдің заңын сақтауға тиіспіз», – деді.

 

Келесі сөз кезегі Түркістан облысы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасының басшысы, полиция подполковнигі Аида Смағұлға берілді. Ол өз сөзінде: «Ағымдағы жылдың шілде айында халықтың көші-қонына байланысты жаңа заңдар күшіне енді. Енді әрбір шетелдік азамат тіркелген мекенжайы бойынша, яғни визада немесе ресми көрсетілген мекенжайда міндетті түрде тұруы тиіс. Егер ол мекенжайда тұрмайтын болса, көші-қон талаптарын бұзғаны үшін тиісті шаралар қолданылады. Ал мекенжайы өзгерген жағдайда шетелдік студенттер үш күн ішінде деканатқа хабар беруге міндетті», – деп атап өтті.

 

Сонымен қатар, кездесу барысында Әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі вице-ректор Еділ Төлегенов: «Халықаралық қазақ-түрік университеті – түркі дүниесінің жастарын бір шаңырақ астына біріктірген білім ордасы. Бұл жерде әлемнің 17 елінен келген 30-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері бірге білім алуда. Сол себепті Қазақстанда қандай заң мен тәртіп болса, барлығымыз соған бағынуымыз қажет. Сондықтан бұл іс-шара сіздер үшін аса маңызды», – деді өз сөзінде.

 

Шара барысында Қазақстанда білім алып жатқан шетелдік студенттердің құқықтары, көші-қон заңын сақтау тәртібі, уақытша тіркеу талаптары, ҚР аумағындағы тәртіп пен визаға қатысты мәселелер жан-жақты қарастырылды.

 

Жиын соңында студенттер көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, толыққанды жауап алды.