Халықаралық академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында университетімізде шетелдік ғалымдардың қатысуымен бірқатар маңызды білім беру және ғылыми іс-шаралар ұйымдастырылды.
Оқу ордамызға Түркия Республикасы, Нигде Халисдемир университетінің профессор, докторы Мехмет Экиз іссапармен келді. Іссапар барысында профессор «Тарих» мамандығының студенттеріне дәрістер оқып, практикалық сабақтар өткізді. Дәрістерде тарих ғылымының өзекті мәселелері, заманауи ғылыми көзқарастар мен зерттеу әдістері қарастырылды. Сонымен қатар, студенттермен пікір алмасу ұйымдастырылып, тарихи деректерді талдау дағдылары жетілдірілді. Мехмет Экиз оқытушы-профессорлар құрамымен кездесіп, білім сапасын арттыруға өз үлесін қосты.
Сондай-ақ, Ташкент мемлекеттік медицина университеті мен Андижан мемлекеттік медицина институтының жетекші профессор-оқытушылары университетіміздің Медицина факультетінде педагогикалық және ғылыми тағылымдамадан өтуде. Ғалымдар оқу ордамызға медицина саласындағы халықаралық ынтымақтастық аясында арнайы келді. Олардың қатарында: Ташкент мемлекеттік медицина университетінен м.ғ.д., профессор Феруза Азизова, м.ғ.д., профессор Феруза Саломова, м.ғ.д., профессор Шамсиев Жахонгир Фазлитдинович, сондай-ақ м.ғ.к., доцент Мурод Жафаров бар.
Ал, Андижан мемлекеттік медицина институтынан м.ғ.к., доцент Авазбек Хошимович пен м.ғ.к., доцент Абдуғофур Кадиров қатысып жатыр.
Тағылымдама барысында шетелдік мамандар студенттерге дәріс оқып, тәжірибелік сабақтар өткізіп, ғылыми-зерттеу бағытында өз тәжірибелерін бөлісуде. Бұл студенттердің кәсіби біліктілігін арттыруға мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, оқу ордамызға Өзбекстаннан Әбу Әли ибн Сина атындағы Бұхара медицина институтының Клиникалық фармакология және сот медицинасы кафедрасының ғалымдары келді.
Іссапардың негізгі мақсаты – академиялық ұтқырлықты дамыту, ғылыми және білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайту, тәжірибе алмасу және бірлескен жобаларды жүзеге асыру.
Делегация құрамында DSc, профессор Камил Очилов пен PhD, доцент Вазира Жалалова, PhD, доцент Алишер Очилов және PhD, доцент Гулрух Саидовна бар. Қонақтарды Халықаралық байланыстар департаментінің директоры Фуркат Дадажонов бастаған ұжым жылы қарсы алды. Қонақ ғалымдар ректор Жанар Темірбекова мен факультеттердің және профильдік кафедралардың өкілдерімен кездесті. Академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында бұхаралық ғалымдар студенттерге дәріс пен практикалық сабақтар жүргізді.
Осылайша университеттер арасында фармация және сот медицинасы бағыттары бойынша өзара ынтымақтастықтың перспективалық бағыттары айқындалды.
Бұл кездесулер өзара тәжірибе алмасуды нығайтып, білім беру сапасын арттыруға және халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге жол ашты.