«ҒЫЛЫМИ ЗЕРТТЕУЛЕРДЕГІ БИОЭТИКА ЖӘНЕ БИОЭТИКА ЖӨНІНДЕГІ ЖЕРГІЛІКТІ КОМИССИЯНЫҢ РӨЛІ» АТТЫ СЕМИНАР ӨТТІ
Оқу ордамызда Ғылым айына орай «Ғылыми зерттеулердегі биоэтика және Биоэтика жөніндегі жергілікті комиссияның рөлі» тақырыбында семинар өтті.
Жиынға докторанттар мен олардың ғылыми кеңесшілері, зерттеу пәндерінен сабақ беретін оқытушы-профессорлар құрамы, магистранттар және ғылыми зерттеулермен айналысатын өзге де ғалымдар қатысты.
Басты мақсат – университетте жүргізілетін ғылыми зерттеулердің биоэтикалық талаптарға сәйкестігін қамтамасыз ету, зерттеушілер мен ғылыми жетекшілерге Биоэтика жөніндегі жергілікті комиссияның қызметі туралы ақпарат беру. Сондай-ақ, зерттеулерді биоэтикалық сараптамадан өткізу тәртібі мен зерттеу жүргізу барысында сақталуы тиіс этикалық қағидалар жөнінде түсіндіру.
Іс-шараны ашып беру үшін сөз бастаған Ғылым департаментінің директоры Хайрулла Масадиков: «Құрметті жас ғалымдар, бүгінгі семинар сіздер үшін өте пайдалы әрі құнды болады деп сенемін. Ғылыми зерттеу жобалары бойынша әлемдік деңгейде, ғылыми көрсеткіштері мен индикаторлары жоғары басылымдарда мақала жариялау үшін сарапшылар ең алдымен зерттеу сапасына және халықаралық стандарттардың сақталуына ерекше мән береді. Осыған байланысты, әрбір ұйымда зерттеу жүргізетін ғалымдардың жұмысы халықаралық талаптарға сай екенін растайтын тәуелсіз Биоэтика жөніндегі жергілікті комиссиялар жұмыс істейді. Бұл комиссиялар зерттеулердің сапасын бақылап, бағалайды. Сондықтан бүгінгі семинарда қозғалатын тақырыптардың берері мол деп ойлаймын»,-деді.
Келесі кезекте, онлайн байланысқа шыққан Биоэтика жөніндегі жергілікті комиссияның хатшысы Айнұр Асан «Биоэтика жөніндегі жергілікті комиссияның қызметі және ғылыми зерттеулерді биоэтикалық сараптамадан өткізу тәртібі» тақырыбында баяндама оқыды.
Ал, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент Эльмира Тулешова медицина саласындағы ғылыми зерттеулерде биоэтикалық талаптарды сақтау туралы тың деректерін бөлісті.
PhD, Халықаралық қатынастар кафедрасының аға оқытушысы Нұрбол Байбахов «Әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар салаларындағы зерттеулерде биоэтикалық нормаларды сақтау» тақырыбында маңызды ақпарат берді.
Семинарға қатысушылар биоэтика саласындағы негізгі қағидалар мен талаптар туралы білімін арттырды. Әрі, медицина, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар салаларындағы зерттеулерде биоэтикалық талаптарды сақтау ерекшеліктерімен танысты. Ғылыми зерттеулер жүргізу барысында зерттеуге қатысушылардың құқықтарын қорғау және дербес деректердің құпиялылығын сақтау мәселелері бойынша практикалық ақпараттар алды.