❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
ESC

УНИВЕРСИТЕТІМІЗДЕ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СТУДЕНТТІК ПӘНДІК ОЛИМПИАДАЛАР БАСТАЛДЫ

  • 23.04.2026
  • KZ
  • 861

image

Оқу ордамызда ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің қолдауымен  жыл сайын ұйымдастырылатын Республикалық студенттік пәндік олимпиадалардың ашылу салтанаты өтті. Биыл университиетіміз «Физика», «Биология мұғалімдерін даярлау», «Түркітану» білім беру бағдарламалары бойынша олипиадаларды өткізіп жатыр.

Олимпиаданың негізгі мақсаты – қатысушылардың теориялық білімін практикалық тапсырмалар арқылы бекіту, болашақ мамандардың кәсіби құзыреттілігін дамыту, олардың өзара тәжірибе алмасуына жағдай жасау және әділ бәсеке негізінде жоғары нәтижелерге қол жеткізуіне ықпал ету.

Жиында сөз бастаған университет ректоры Жанар Темірбекова: «Құрметті қатысушылар, сүйікті студенттер, ардақты ұстаздарымыз, құрметті әріптестеріміз! Баршаңыз түркінің киелі төрі – Түркі әлемінің рухани астанасына, Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетіне қош келдіңіздер!

Бүгін – біздің университетімізде мейрам. Оның басты себебі – осы залда отырған өздеріңіз, сіздермен қауышқанымызға өте қуаныштымыз. Мұнда болашақта үлкен ғылыми жаңалықтар ашатын, еліміздің экономикасына өзгеріс алып келетін, ғылыми жетістіктерімізді бүкіл дүние жүзіне паш ететін болашақ ғалымдар отыр деп сенеміз. Сіздерге үлкен алғыс айтамыз. Себебі, республикалық пәндік олимпиадаға қатысу – өте үлкен мәртебе. Бұл – сіздердің жастайыңыздан ғылымға деген құштарлығыңыздың көрінісі, ұстаздарыңыздың сіздерге жетекшілік жасап, әдемі ғылыми жобаларды ортаға қойып, өз ортаңызда шыңдалуларыңыздың нәтижесі. Міне, бүгін республикалық деңгейде додаға қатысып жатырсыздар. Баршаңызға сәттілік тілеймін» , - деді.

Келесі кезекте, олимпиадаға қатысуға келген жоғары оқу орындары командаларының таныстырылымы өтті.

Қатысушылар үшін арнайы мерекелік концерт ұйымдастырылып, бұдан әрі бағдарламаға сәйкес білім бәсекесі басталды.

Айта кетейік, «B054 – Физика» білім беру бағдарламасы бойынша 11 команда, «B013 – Биология мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламасы бойынша 19 команда және «B035 – Түркітану» білім беру бағдарламасы бойынша 3 команда қатысып жатыр.

Студенттер білім беру бағдарламаларына қарай екі күн бойы бірнеше кезеңнен тұратын жарыста өзара үздікті анықтайды.

Сондай-ақ, бағдарламада оқу орнымыздың қонақтары үшін арнайы рухани-мәдени шаралар мен экскурсияларлар қарастырылған.