«ЖАҢА КОНСТИТУЦИЯ: ЗИЯТКЕРЛІК ЖӘНЕ МӘДЕНИ ДАМУ НЕГІЗДЕРІ» АТТЫ ТАҒЫЛЫМДЫ ЖИЫН ӨТТІ
Бүгін оқу ордамызда университет түлегі, Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясының вице-президенті, спорт қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Мақсат Шотаевпен «Жаңа Конституция: зияткерлік және мәдени даму негіздері» тақырыбында тағылымды кездесу өтті.
Шараны Түркі халықтарының зияткерлік ойындары (ғылыми-тәжірибелік) орталығы ұйымдастырды. Кездесуде зияткерлік ойындардың маңызы туралы сөз болды.
Кездесудің мақсаты – студенттердің ұлттық зияткерлік ойындарға қызығушылығын арттыру. Тоғызқұмалақ ойынының мәні мен маңызын насихаттау.
Спорт қайраткері Мақсат Шотаев тоғызқұмалақтың тарихы мен тағылымы жөнінде, оның зейінді шоғырландыру, логикалық ойлау қабілетін дамытудағы рөлі туралы кеңінен әңгімеледі. Сонымен қатар, студенттерге тоғызқұмалақ зияткерлік ойынының әдіс-тәсілдерін үйретті.
Бұдан өзге ұлттық зияткерлік ойындар енгізілген халықаралық онлайн платформалар туралы ақпарат берді.
Кездесу студенттердің ұлттық ойын – тоғызқұмалаққа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, алда өтетін республикалық спорт лигасына аттанатын спортшылардың жеңімпаз атануына шабыт берді.