Оқу ордамызға қарасты «Яссы» қонақ үйінде «Нан және ұн өнімдері» атты оқыту курсы өтіп жатыр. Курсты 1890 жылдан бері жалғасып келе жатқан наубайшылар әулетінің 4-буын өкілі, халықаралық марапаттардың иегері, танымал нан шебері және кәсіби оқытушы Хакан Доған өткізуде.
Шараға Түркістан Ахмет Ясауи колледжінің студенттері мен Орталық асхананың аспазшылары қатысып жатыр. Олар бағдарлама аясында наубайшылық саласының теориялық және практикалық негіздерін меңгеріп, түрлі нан және ұн өнімдерін дайындау технологияларымен танысты.
Айта кетейік, Хакан Доған – халықаралық деңгейдегі «Gourmand World Cookbook Awards – Winner» марапатының иегері, DAÜ, ICIF Италия және түрлі гастрономиялық академияларда дәріс беріп, Анадолыдағы дәстүрлі нан мәдениетін ғылыми зерттеулермен ұштастырып, бүгінге жеткізіп жүрген маман ретінде танымал.
Ол шеберлік сағаттарында дәстүрлі және заманауи нан дайындау технологиялары, ашытқы мәдениеті мен жергілікті бидай түрлері, кәсіби наубайшылық, гастрономия және нан мәдениеті жайлы өз тәжірибесін бөлісуде.
Курс барысында қатысушылар HACCP қауіпсіздік жүйесі, ұн түрлері, глютен құрылымы, ашыту процестері мен қамыр дайындау технологияларын үйренді. Сонымен қатар, симит, ашма, тоқаш, тахинді пиде секілді өнімдердің қамырын әзірлеу және қалыптау әдістерін меңгерді.
Хакан Доған нан химиясы мен нан мәдениетіне ерекше назар аударып, су мөлшерін есептеу, ашытқыны дұрыс пайдалану және ферментацияны басқару жолдарын түсіндірді. Практикалық сабақтарда қатысушыларға Рамазан пидесі, нокул, базлама, пиши өнімдерін әзірлеуді кезең-кезеңімен үйретті. Қатысушылар май сіңірмейтін пиши дайындау әдісі мен табада және тас пеште пісіру ерекшеліктерін тәжірибе жүзінде жасап көрді.
Бұл курс университет пен колледж студенттеріне наубайшылық саласындағы заманауи технологияларды тәжірибе жүзінде меңгеруге, кәсіби дағдыларын жетілдіруге және тағам өндірісі мен гастрономия бағытындағы болашақ мансаптарына қажетті практикалық білім алуға мүмкіндік береді.
Алдағы күндері қатысушылар печенье және бәліш қамырлары, short dough және sablé технологиялары, ішкі қоспа дайындау, өнімді ұсыну тәсілдері мен пеш параметрлерін реттеу бойыншы ақпараттар алады.
Сонымен қатар, курс аясында қышқыл ашытқы дайындау, ұзақ ферментация, наубайшы пайыздары және жергілікті ұндарды қолдану бойынша тереңдетілген сабақтарға қатыспақ.
Өкілетті Кеңес қолдауымен өтіп жатқан оқыту курсы 15-мамырға дейін жалғасады. Қорытынды күні қатысушылар өндірістік марафонға қатысып, бір ұн өнімі мен бір нан түрін өз бетінше дайындайды. Өздері жеке рецепт құрастырып, дайын өнімдерге дегустациялық және техникалық бағалау жүргізеді. Курс соңында қатысушыларға саладағы мансаптық мүмкіндіктер таныстырылып, сертификаттар табысталады.