ОҚУ ОРДАМЫЗДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ НАН ШЕБЕРІ ХАКАН ДОҒАННЫҢ КУРСЫ ӨТТІ
Университетімізге қарасты «Яссы» қонақ үйінде Өкілетті Кеңес қолдауымен ұйымдастырылған «Нан және ұн өнімдері» атты оқыту курсы өз мәресіне жетті. Бүгін университет ректоры Жанар Темірбекова қатысушыларға арнайы сертификаттар табыстады.
Айта кетейік, курсты 1890 жылдан бері жалғасып келе жатқан наубайшылар әулетінің 4-буын өкілі, халықаралық марапаттардың иегері, танымал нан шебері әрі кәсіби оқытушы Хакан Доған өткізді. Оған Түркістан Ахмет Ясауи колледжінің студенттері мен Орталық асхананың аспазшылары қатысып, наубайшылық саласының теориялық және практикалық негіздерін меңгерді. Қатысушылар түрлі нан және ұн өнімдерін дайындау технологияларымен танысып, кәсіби дағдыларын жетілдірді.
Курс барысында HACCP қауіпсіздік жүйесі, ұн түрлері, глютен құрылымы, ашыту процестері мен қамыр дайындау технологияларын үйренді.
Сонымен қатар, симит, ашма, тоқаш, тахинді пиде, Рамазан пидесі, нокул, базлама және пиши өнімдерін әзірлеу тәсілдері тәжірибе жүзінде жасап көрді.
Хакан Доған қатысушылармен дәстүрлі және заманауи нан дайындау технологиялары, ашытқы мәдениеті, ферментацияны басқару, нан химиясы мен гастрономия саласындағы тәжірибесін бөлісті.
Курс соңында қатысушылар өндірістік марафонға қатысып, өз рецепттері бойынша нан және ұн өнімдерін дайындады. Дайын өнімдерге техникалық және дегустациялық бағалау жүргізді.
Бір аптаға созылған курс қатысушыларына университетіміздің ректоры Жанар Темірбекова арнайы сертификаттар табыстады. Сонымен қатар, халықаралық деңгейдегі шебер Хакан Доғанға қазақы дәстүрмен шапан жауып, құрмет көрсетті.