УНИВЕРСИТЕТІМІЗДІҢ ТҮЛЕКТЕРІ СУРДЛИМПИАДАДА ЕЛ АБЫРОЙЫН АСҚАҚТАТТЫ
Жапонияның Токио қаласында өтіп жатқан XXV жазғы Сурдлимпиада ойындарында оқу орнымыздың спортшы түлектері жоғары нәтиже көрсетіп, тұғырдың биігінен көрінді.
Дзюдодан 73 кг салмақ дәрежесінде университет түлегі Қуандық Шадияр Серғалиұлы чемпион атанды. Университетімізге 2017 жылы оқуға түсіп, 2021 жылы тәмамдаған Қуандық Шадияр ел намысын абыроймен қорғап, Қазақстан қоржынына алғашқылардың бірі болып алтын медаль салды.
Сондай-ақ, дзюдодан 100 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен тағы бір түлегіміз – Айдарбек Тоқтарбек күміс жүлдеге ие болды. Спортшы оқу орнымызда білім алып, 2019 жылы «Дене шынықтыру және спорт» мамандығын, 2021 жылы «Жергілікті басқару» мамандығын бітірген.
Айта кетейік, Сурдлимпиада – есту қабілеті бұзылған спортшыларға арналған ең ірі халықаралық ойындар. Мұнда төрелік жүйесі ым-ишара арқылы жүргізіліп, визуалды старт белгілері мен арнайы ережелер қолданылады. Сондықтан бұл дода – спорттық шеберлікпен қатар, шыдамдылық пен рухтың да бәсекесі.
Түлектеріміздің жеңісі құтты болсын! Қазақстанның көк туын биікке көтеріп, университет намысын асқақтатқан азаматтарымызға алғыс білдіреміз. Олардың жеңісі жас спортшыларға үлгі болып, ел спортының дамуына жаңа серпін беретініне сеніміміз мол.