❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
ESC

ҒЫЛЫМ МЕН ИННОВАЦИЯ АЛАҢЫ: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯ ӨЗ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

  • 24.04.2026
  • KZ
  • 745

image

Оқу ордамызда Ғылым айлығы аясында ұйымдастырылған «Білім берудегі ғылыми жаңалықтар: қазіргі зерттеулер мен болашақ мүмкіндіктер» атты Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аяқталды. 

 ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінің жобасы аясында STEM бағытындағы технологияларды дамытуға арналған айтулы жиын жоғары деңгейде өтті.

Ғалымдар конференцияның бірінші күнінде пленарлық отырыс пен секциялық мәжіліске, сондай-ақ, «Білім алушылардың икемді дағдыларын дамыту контексіндегі физика білім беруінің заманауи мәселелері: зерттеулер, шешу жолдары және ғылыми ынтымақтастық» атты дөңгелек үстелге қатысты. Өздерінің тың ойларын ортаға салып, маңызды баяндамалар оқыды.

Жиын барысында ғалымдар STEM білім беруді жетілдіру, физиканы оқытудың заманауи әдістері мен цифрлық технологияларды енгізу, жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану, сондай-ақ зерттеушілік дағдыларды дамыту мәселелерін кеңінен талқылады. 

Сонымен қатар, нанотехнология элементтерін оқыту, күн панельдері мен баламалы энергияны білім беру үдерісінде қолдану, AR және виртуалды зертханалар арқылы оқытудың тиімділігі, мектеп пен университет және өнеркәсіп байланысы, пәндерді кіріктіре оқыту және функционалдық сауаттылықты арттыру жолдарын қарастырды. Тек ол ғана емес, астрономия, экологиялық білім, инженерлік-техникалық даярлық, цифрлық бағалау жүйелері мен оқытудағы инновациялық педагогикалық тәсілдер де сөз болды.

Сондай-ақ, бүгін, ғалымдар Жаратылыстану ғылымдары, нанотехнологиялар және жаңа материалдар ғылыми-зерттеу институтының жұмысымен танысты. Әрі, STEM жәрмеңкесін тамашалады. Қонақтар: Физика-механикалық және коррозиялық сынау, Нанотехнологиялар және баламалы энергия үшін жаңа материалдар, Эксперименттік жұмыстар, «STEM» білім беру аясындағы физикалық эксперименттер, сондай-ақ Металлографиялық рентгендік талдау сынды зертханаларды аралады.

Осылайша, ғылыми зерттеулердің нәтижелерін тәжірибеге енгізу, жас зерттеушілерді даярлау, STEM бағытын дамыту, жаңа технологиялар мен өндірістік шешімдерді қалыптастыру және өндірісті цифрландыруды мақсат еткен конференция өз мәресіне жетті.